Ақтаулық оқушы: Ерікті болу – ел игілігіне жұмыс істеу

Амангүл
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

АҚТАУ. KAZINFORM – Қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген еріктілердің қоғамдағы атқаратын қызметі орасан. Осындай игілікті істің басы-қасында жүрген ақтаулық мектеп оқушысы Амангүл Жамкен еріктілер қатарында пайдалы іске өз үлесін қосуда.  

Ақтау қаласындағы Исатай Сүйеубаев атындағы № 8 мектептің 11-сынып оқушысы Амангүл Миллятқызы ерікті болып жұмыс істеудің өзі үшін аса маңызды екенін айтады. Ол оқушы болғанына қарамастан сабақтан тыс уақытта Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған еріктілер жасағымен бірге қайырымдылық ісіне атсалысады.

«Ерікті болып жұмыс істеп жүргеніме биыл үш жылға жуықтады. Әуелі жақын құрбыммен бірге келісіп қоғамдық жұмыстарға қатыстық. Ал ата-анам сабағыма кедергі келтіреді деп қарсы болған. Кейін келісімін беріп, үнемі қолдау білдіреді. Қолымыз қалт еткенде облыстық жастар ресурстық орталығындағы әріптестеріммен бірге жұмыс атқарамыз. „Келісім бойынша ұйымдастырушы тарапқа бос уақытымды алдын ала айтып отырамын. Осылайша біз түстен кейін 3-4 сағат қоғамдық жұмыстарға қатысамыз. Мысалы, Қазақстан халқы ассамблеясының Маңғыстау облыстық филиалында ерікті ретінде ұйымдастырушы қызметін атқарамын. Жастар орталығы бізді үнемі түрлі тренингтерге қатыстырады. Осыған дейін шешендік өнер, қаржылық сауаттылық секілді тақырыптар бойынша өткен сабақтарға қатысып, біраз сабақ алдық», - дейді жас ерікті Амангүл Жамкен.

ерікті
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

16 жастағы кейіпкеріміз Ақтаудағы бірқатар іс-шарада бой көрсетіп жүр.

«Ерікті ретінде іс-шараларға араласып ғана қоймай жастардың басын қосу мақсатында әр түрлі гитара кеші, поэзия кешін ұйымдастырамыз. Маңғыстау облыстық волонтер корпусы қайырымдылықпен айналысып ғана қоймай әр-түрлі қоғамдық істерге қол ұшын созуға әр дайым дайын. Бұдан бөлек, «Жүрегі толы мейірім», «Болашаққа сеніммен», «Іс-қағаз жүргізушісі», «Біздің уақыт», «Медия жобасы», «Нашақорлыққа жол жоқ» секілді жобалармен айналысамыз. Біздің мақсатымыз – жастардың бос уақытында түрлі жаман іс-әрекеттерге барғанша, ерікті болып уақытын пайдалу өткізуге септігімізді тигізу», - дейді Амангүл Жамкен.

ерікті
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгінде Маңғыстау облыстық жастар орталығының еріктісі саналатын Амангүл атқарған жұмыстарын жауапты тарап үнемі бақылап отыратынын жеткізді.

«Қазір Маңғыстау облысына көрші өңірдің Жылыой ауданынан су тасқынына байланысты көптеген тұрғын эвакуацияланды. Осы орайда біз ерікті ретінде жастар орталығында қала тұрғындарынан гуманитарлық көмек жинадық. Халық тапсырған киім-кешек, төсек-орын, азық-түліктерді сұрыптап, қаладағы бірнеше эвакуациялық пунктерге жіберіп отырамыз. Мен үшін бұл жұмыс адамның жауапкершілігін шыңдап, қоғамға өз үлесімді қосуға мүмкіндік», - дейді Амангүл Жамкен.

ерікті
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ол отбасында үш ұлдың ортасында өсіп келе жатқан жалғыз қыз. Екі ағасы мен бауыры оның қайырымды иісіне құрметпен қарайды. 

«Үйде ерікті ретінде атқарған жұмысыма бәрі түсіністік танытады. Биыл мектепті аяқтаймын. Алматыдағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсыруды көздеп отырмын. Қазір ҰБТ-ға дайындалып жүрмін», - деді ақтаулық ерікті Kazinform тілшісіне берген сұхбатында. 

Соңғы жаңалықтар