Ақтаулық команда шағын футболдан әлем чемпионы атанды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтаулық «Атриум» командасы шағын футболдан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтаулық команда шағын футболдан әлем чемпионы атанды

Германияда өткен чемпионатта қазақстандық команда Ливия, Египет, Украина құрамаларымен бір топқа түскен. Іріктеу кезеңінде топтан 3-орынмен шыққан команда жартылай финалда Мексика, финалда Украина құрамаларынан басым түскен.

«Бізге ең басында қиын болды. Соған қарамастан, әр ойыннан қорытынды шығаруға тырыстық. Әр команданың қай жерде мықтылығы, қай жерде кемшілігі бар екенін сарапалап отырдық. Соңында жеңіп шықтық», - дейді команданың бапкері Асхат Төретаев.


Ақтаулық ұжым алдымен, облыстық чемпионатта жеңімпаз атанған. Ал, республикалық кезеңде Астанада әр өңірден жиналған үздік 50-ге тарта команда бақ сынаған. Ол жарыста да қарсыласқа шақ келтірмеген ақтаулық ұжым әлем чемпионатына берілетін жалғыз жолдаманың иесі атанған. Осылайша, әлемдік бәсекеде ел атынан өнер көрсетуге мүмкіндік алған.