Ақтаулық оқушы өрт-құтқару спортынан екі рекорд орнатты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - 24-30 қыркүйек күндері аралығында Болгарияның Варна қаласында өрт-құтқару спорты бойынша жастар мен юниорлар арасында VIII әлем чемпионаты өтті. Онда Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған 16 жастағы Дәурен Құсманов ұлттық рекорды екі мәрте жаңартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтаулық оқушы өрт-құтқару спортынан екі рекорд орнатты

Ұлттық құраманың жетістіктерімен Ақтаудың 8-інші Мамандандырылған өртке қарсы бөлімшесінің бөлім командирі және Д.Құсмановтың жаттықтырушысы Бақтыбай Сүлейманов бөлісті.

Атап айтқанда, Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу мұнарасының терезесіне шабуылдау баспалдағымен көтерілуде үшінші орынға ие болған. Ал Дәурен Құсманов бұл кезеңді 7,41 секундта еңсеріп, ел рекордын жаңартты. Бұған дейінгі рекорд 7,49 секундты құраған.


11-сынып оқушысы сондай-ақ кедергілермен 100 метрге жүгіру дисциплинасында да ерекшеленді. Оның уақыты 16,47 секундты құрады. Бұл да Қазақстанның жаңа рекорды. Аталмыш кезеңде ел құрамасы бесінші орынға табан тіреді.

Жауынгерлік орналасу кезеңінде спортшыларымыз алтын жүлдеге ие болды. Норматив 20,17 секундта орындалды.

Ал 4х100 метр эстафетасында жастарымыз төртінші болды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы жалпы есепте төртінші орын иеленді.