Ақтаулық оқушы ойын қуған балалардың қимыл-қозғалысынан энергия өндірудің жолын тапты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаулық оқушы күн мен желден қуат алып, жұмыс істейтін балалар алаңын ойлап тапты. Ол ҚазАқпарат тілшісіне жобаның тиімділігі неде екенін айтып берді.

Ерлан Тұралы - Ақтаудағы xимия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы. Кішкентай кезінен энергия өндіру, жел диірмендерінің, күн энергиясынан қуат алатын құрылғылардың жұмысына қызығып өскен. Бұл жобаны жасауға бір жыл уақытын сарп етіпті.

«Мен оны «Табиғи баламалы энергиялар паркі» деп атаймын. Ол қалай жұмыс істейді? Балалар алаңындағы әткеншектерге күн батареясы мен жел генераторы орнатылады. Желден - 540 ватт, күннен - 240 ватт қуат алуға болады. Осылайша, жел мен күннен энергия өндіріледі. Сондай-ақ, балалар әткеншекке тербеліп, сырғанаған кезде де, яғни, механикалық қозғалыстан 120 ватт қуат ала аламыз. Жобаны кез келген жерде жасауға болады», - дейді жас өнертапқыш.

Жоба құны - 10 млн теңге. Ол бұл соманың 5 жыл ішінде өзін ақтайтынына сенімді.

«Балалар алаңқайында өндірілген, жиналған қуат сол маңайдағы жарық шамдары мен тұрғын үйді электр энергиясымен қамти алады. Ойлап қараңызшы, бастысы - үнемділігі ғой. Бұл жерде балалар көңіл көтеріп қана қоймай, энергия өндіруге өз үлесін қосады. Әр әткеншекке арнайы құрылғылар қондырылады. Барлығы автоматты түрде жұмыс жасайды. Енді бұл жобамды құрылыс компанияларына таныстыруды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, түрлі стартап жарыстарға жолдаймын. Менің жобамның құрылымы қарапайым әрі пайдасы көп. Сондай-ақ, Елбасы бастамасы бойынша еліміздегі жасыл экономиканы дамытуға үлес қосатын тиімді жоба», - дейді Ерлан Тұралы.

Соңғы жаңалықтар