Ақтаулық оқушылар «Қазақ» деген атпен газет шығара бастады

None
АҚТАУ.ҚазАқпарат - Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Қазақ» деген атпен газет шығара бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Идеяны мектептің оқушылары Наргиз Жалғас пен Нұрғасыр Төребаев және ағылшын тілі пәні мұғалімі Алтын Келімбердиева мен қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Айгүл Айтан іске асырып жатыр. Газеттің негізгі мақсаты - қазақты әлемге таныту. «Қазақ» газеті қазақ және ағылшын тілдерінде шығады.

«10-сыныпқа Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлтты тәуелсіздікке үндеген «Қазақ» газеті» деген сабақты өткізіп тұрдым. Сол кезде «Осы «Қазақ газеті» неге жоқ? Ахмет аңсаған, Мағжан аңсаған жастар білімге қол жеткізді. Ақпарат кеңістігі мол. Балалар білгенін басқа елге таныта қоюға мүмкіндігі бар. Сол мүмкіндіктерді неге қолданбасқа?» деген ой келді. Сол ойды әріптесіммен, оқушылармен жүзеге асыруды жөн көрдік», - деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Айтан.

«Қазақ» газеті бес айдардан тұрады: мәдениет, әдебиет, білім-ғылым, еңбек-кәсіп, табиғат-экология және газеттің екінші санынан бастап «Халық үні» айдары қосылды.

«Газетті оқыған оқырман оқи отырып әлеуметтік, құқықтық, мәдени, әдеби және саяси тың деректерге қанық болуы керек. Осыны есепке ала отырып, біз «Қазақ» газетін тек қазақ тілінде ғана емес, басқа елдерде тұрып жатқан қандастарымыз үшін және орта Азияны, оның ішінде Қазақстанды танып, білгісі келетін шетелдіктер үшін осы газеттегі қазақ тіліндегі ақпаратты ағылшын тіліндегі аудармасымен беруді жөн көрдік» деді ағылшын тілінің мұғалімі Алтын Келімбердиева.

«Қазақ» газетінің ерекшелігі Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан үзінді және афоризмдерін қолданады.

«Қазақ тілі - бай және оралымды тіл. Кейбір поэзияларды аударған кезде өте қиын. Себебі автордың стилін және ұйқасын келтіру оңайға шықпайды. Дегенмен тәуекел етіп, жобамызды бастадық» дейді Нұрғасыр Төребаев.


Соңғы жаңалықтар