17:31, 09 Шілде 2016 | GMT +5
Ақтаулық спортшы М. Тәңірбергенова Якутиядағы халықаралық ойындарда «күміс» олжалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 5 шілдеден бері Якутияда «Азия балалары» атты VI халықаралық спорттық ойындар өтіп жатыр. Онда балалар 22 спорт түрінен сайысқа түсуде.
Еркін күрес бойынша Маңғыстау облысындағы спорттық мектеп тәрбиеленушісі Марал Тәңірбергенова Қазақстан қоржынына күміс жүлде салды.
Биылғы сайысқа 38 елден төрт мыңға жуық қатысушы келген. Қыздар арасындағы еркін күрес бойынша Маңғыстаудың намысын қорғап келген Марал Тәңірбергенова 32 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол моңғолиялық және қырғызстандық қарсыластарынан басым түсіп, ресейлік қыздан жеңілді.
«Азия балалары» халықаралық спорт ойындары 17 шілдеде аяқталады. Бұл ойындарға Қазақстан командасы үнемі қатысып келеді. 2008 жылы Қазақстан жалпыкомандалық есепте екінші орын, ал 2012 жылы үшінші орын алған. Бұл жолы еліміздің атынан 218 спортшы қатысуда.