АҚТАЙ КЕСЕНЕСІ
ай кесенесі - сәулет өнер ескерткіші. Қарағанды облысындағы Сарысу өзенінің төменгі жағында, Телікөлдің маңайында, Жезқазған - Қызылорда автомобиль жолынан 40 шақырым жерде орналасқан.
Кесененің композициясы ХІХ ғасырдағы Сарысу бойындағы сәулет ғимараттары сияқты күмбезді екі бөлме түрінде бір-біріне жалғастыра салынған. Екі бөлік те шаршы пішінде, үлкені сағана, екі белдеу түрінде қаланған және әр белдеу кемерлене шығарылған. Ортасында маңдайшасын әшекейлеген кіретін ойығы бар кіші бөлік екі деңгейде салынған. Төменгі деңгей сағанаға баратын жол іспетті, ал жоғары деңгей - зияратхана. Күмбез параболалық пішінде, үлкен күмбезі жұмырлана қаланған көп қырлы қабырғаның үстіне орнатылған. Оның жоғарғы жағында кірпіш арасында бірге қаланған екі қатар ағаш ұштары көрінеді. Осы өңірге тән ескерткіштерде кездесетін бұл ағаштардың мәні әзірге анық емес.
Кесененің қас беті әр түрлі мәнерлі қалаумен және әр түрлі дәрежеде күйдірілген кірпішпен тең қабырғалы төрт бұрышты қиықша (ромб) түрінде әшекейленген. Шаршы тағаннан шеңбер пішіндегі күмбезге көшу кесене бұрыштарын кеміте қалау арқылы жүзеге асырылған және осы деңгейде сағананың бұрыштары шығыңқы тік шаршы қалаумен байланған, ал әр бетінің орта тұсына екі тірек аралығының доға тәрізді жабыны тектес қуыс жасалған. Кіші бөліктің кіреберіс төменгі деңгейі таға тектес етіліп, дөңестеліп жабылған. Кіреберістің сол жағында қабырға арасына, кесене төбесіне, одан әрі кіші күмбез астындағы зияратханаға апаратын баспалдақ орнатылған. Бөлмелер әктелмеген.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том