Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің сот үкіміне қатысты апелляция шешімі шықты
ҚОНАЕВ.KAZINFORM — Актер Жақсыген Нұрсұлтанның жазасы өзгеріссіз қалды.
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Жақсыген Нұрсұлтанға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарауды аяқтап, түпкілікті шешім қабылдады.
Бұған дейін актердің адвокаты шешіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін айтқан еді.
Жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокаты Мұхаммад Алиосманұлы желіде апелляциялық шағымның нәтижесін бөлісті.
— Аталған қылмыстық істі жан-жақты, объективті және бейтарап қарап, заң үстемдігін қамтамасыз еткен Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының, жәнеде 1-ші сатыдағы судьяларына шынайы алғысымды білдіремін, -деп жазды адвокат.
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі ақпаратьы растады. Актер 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 5 жылға блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
— Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, қорғау тарапының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, актер ажырасқаннан кейін әлеуметтік желілерде жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратты.
Жәбірленушінің мәлімдеуінше, ер адам оның мазасын алып, «жеңіл жүрісті», «сыған» деп мазақ қылған. Әлеуметтік желілерде ол туралы түрлі мәлімдемелер жасаған.
Жақсыген жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Онымен қоса, сот жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына 5 миллион теңге өндіріп беруді міндеттеді.