Актер Жан-Клод Ван Дамм Геннадий Головкинге сәттілік тіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық актер, режиссер Жан-Клод Ван Дамм Лос-Анджелестегі «Форум» аренасында өткелі отырған Головкин-Уэйд кездесуін тамашалауға арнайы келіп, Геннадий Головкинмен кездесті. Бұл туралы ВКонтакте желісіндегі "Геннадий GGG Головкин" атты топта хабарлануда.
Ван Дамм жекпе-жек алдында Головкиннің бөлмесіне бас сұғып, қазақстандық боксшыға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, «Форум» аренасында Головкин-Уэйд бокс кеші өтуде. Бірер минуттардан соң қазақстандық боксшы Геннадий Головкин америкалық Доминик Уэйдпен кездесу өткізеді. Жекпе-жекті «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Жерлесіміз кәсіпқой бокста өткізген 34 жекпе-жектің барлығын жеңіспен аяқтап отыр, оның 31-і - нокаут. Доминик Уэйдпен жекпе-жек GGG үшін қатарынан 16-шы рет чемпиондық белдікті қорғау болмақ. Уэйд болса, кәсіпқой бокста 18 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Олардың ішінде 12 кездесуді Уэйд нокаутпен аяқтаған.