Активтерді қайтару: Кез келген бай адамның мүлкі тексеріле ме

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда адамның ауқатты болуы оның активтерін мемлекет автоматты түрде тексереді дегенді білдірмейді. Активтерді қайтару тетігін қолдану үшін заңда белгіленген бірнеше талап қатар орындалуы қажет. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару қызметінің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков «Bizdin orta» подкастында айтты.

Активтерді қайтару: Кез келген бай адамның мүлкі тексеріле ме
Фото: видеодан алынған скрин

Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару тетігі 2023 жылғы 12 шілдеде қабылданған арнайы заңмен реттеледі. Құжатқа сәйкес, активтерді қайтару тетігі, ең алдымен, жоғары мемлекеттік лауазым атқарған немесе атқаратын тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және олармен үлестес тұлғаларға қатысты қолданылады.

Бұл ретте активтердің жиынтық құны заңда белгіленген шектен – 13 млн АЕК-тен (56,225 трлн теңге) асуы қажет.

Н. Сүйіндіковтің айтуынша, адамның бай болуы оның активтері бойынша тексеру жүргізуге өздігінен негіз бола алмайды.

– Бұл «бай болсаң болды, сені тергейді» деген сөз емес. Қазақстанда өз еңбегімен дәулет жиған ауқатты азаматтар көп. Өмір бойы бизнес саласында жұмыс істеп, мемлекеттен еш жеңілдік алмаған, заңсыз әрекетімен көзге түспеген, керісінше зауыт салған немесе қызмет көрсету саласында бизнес құрған кәсіпкерлер бар. Оларға тек байлығы үшін сұрақ қоя алмаймыз, – деді ол.

Бас прокуратура өкілі активтерді қайтару тетігін қолдану үшін үш негізгі белгі қатар болуы қажет екенін түсіндірді.

Біріншіден, адамның немесе онымен байланысты тұлғалардың активтері заңда белгіленген 13 млн АЕК шегінен асуы тиіс. Екіншіден, активтердің заңды жолмен алынуына қатысты қисынды күмән болуы керек.

– Бұл «түсімде көрдім» деген бос күмән емес. Активтерді қайтару туралы заңда «Қисынды күмәндар» атты арнайы бап бар. Сол бапта мемлекеттік мүлікті жекешелендіргендер, елден бөлек арнайы жеңілдік алғандар немесе қылмыстық істерде, құқық қорғау органдарының шұғыл ақпаратында есімі аталғандар, шетелде қылмыспен көзге түскендер деген сияқты оннан астам негіз көрсетілген, – деді спикер.

Үшіншіден, активтердің көлемі мен олардың заңдылығына қатысты қисынды күмәннен бөлек, тұлғаның мемлекеттік билікпен немесе әкімшілік ресурспен байланысы болуы қажет.

– Сонда осы үш негізгі белгіні біріктірсек, мониторинг жүргізуді бастаймыз. Әрбір ақпаратты жинап, досьені жинақтаймыз. Ал егер үш белгінің біреуі ғана байқалса, бұл тұлға назарға алынбайды. Барлық талап жиынтық ретінде қаралады, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Подкаст қонағының толық сұхбатын мына жерден оқуға болады.