Активтерді қайтару: «Думан» қонақ үй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуроры Берік Асылов елордалық кәсіпкерлерден 1 млрд теңгеден астам сома өндіріп алынғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жоғарғы Сот қаулысы елордалық «Думан» қонақ үй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлікті қайтару жөніндегі ондаған талаптарды қанағаттандырды. Олардың ішінде өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер және басқалары бар», - деді Берік Асылов Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында.

Бас прокурордың айтуынша, сот шешімі бойынша Атырау қаласындағы Сұйытылған мұнай газды сақтау паркінің 50% үлесі Атырау мұнай өңдеу зауыты меншігіне қайтарылды.

«Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы 620 млрд теңгеге активтерді қайтарды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар келді. Басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сұрау хат жолданды. Олар бойынша 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынды», - деді Б. Асылов.

Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының кәсіпорындарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының компанияларына 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салды, ал Бәсекелестікті қолдау және дамыту агенттігі 4 млрд теңгеге санкциялар қолданды.

Прокурорлардың шаралары арқылы олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын 460 мың гектардан астам жер қайтарылды.

Сондай-ақ нарық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алынған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының 17 коммерциялық үй-жайлары мемлекетке қайтарылды.

Айта кетейік, Бас прокуратурада Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Тұтастай алғанда, мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар келген.


Соңғы жаңалықтар