Ақтөбе әуежайының ұшу-қону жолағын тексеру нәтижесі жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Су басу кезінде Ақтөбе әуежайының ұшу-қону жолағы зақымданған жоқ. Бұл туралы ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты.

Әлия Молдағұлова әуежайы
Фото: akorda.kz

«Осы оқиғадан кейін бірден Ақтөбеге тиісті маманды, сарапшыны және авиация әкімшілігінің инспекторын жібердік. Мамандар ұшу-қону жолағын тексерді. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін елеулі кемшіліктер немесе стандарттар мен талаптарға сәйкессіздік анықталған жоқ», - деді Т. Ластаев.

Сонымен қатар ол ұшу-қону жолағын жөндеуге қосымша қаражат қажет емес екенін айтты.

27 наурызда Ақтөбе әуежайының ұшу-қону алаңын су басып, рейстер кейінге шегерілді.

Сол күні ТЖМ күшімен Ақтөбе әуежайының жұмысы қалпына келтірілді.