Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды мен Қызылорда облыстарында өндіріс төмендеген

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы қаңтар-маусымда Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің индексі 103,8% болды. Алты ай ішінде 22 611,9 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды мен Қызылорда облыстарында өндіріс төмендеген

Оның ішінде кен өндіру саласында – 10 490,2 млрд теңгеге (жалпы көлемнен 46,4%), өңдеу саласында – 10 587,6 млрд теңгеге (46,8%).

Өндірістің өсуі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда байқалды – 3,7%, өңдеу өнеркәсібінде – 3,4%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 6,8%, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметте – 6,4%.

Өңірлер арасында айтарлықтай өсім Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Абай, Алматы облыстарында және Алматы қаласында тіркелді.

Шикі мұнайды (105,6%), табиғи газды (102,5%), темірді қоспағанда, кенді (102,9%), өзге де пайдалы қазбаларды (117,4%) өндіру салаларының артуына байланысты 2023 жылғы қаңтар-маусымда тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өнеркәсіп өндірісінің индексі 103,7% болды.

Өңдеу өнеркәсібінде былтырғы бірінші жарты жылмен салыстырғанда есепті кезеңдегі өнеркәсіп өндірісінің индексі – 103,4%. Өсім тамақ өнімдері – 5,3%, сусындар – 6,6%, өңделген мұнай өнімдері – 2,8%, резеңке және пластмасс бұйымдары – 7,8%, өзге де бейметалл минералды өнімдер – 2,7%, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіруде – 9,5%, машина жасауда – 28,8% белгіленді.

Өндіріс көлемінің өсуі республиканың 16 өңірінде тіркелді, төмендеу Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында байқалды.