«Ақтөбе» футбол клубының оқу-жаттығуға аттанған құрамы белгілі болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM –Түркиядағы оқу-жаттығуға барлығы 26 ойыншы аттанған. Бұл туралы футбол клубы хабарлады.
Ресми мәліметке сүйенсек, қақпашылар қатарында Саятхан Құсайынов, Парасат Таңжарықов, Игорь Трофимец және Александр Заруцкий бар. Ал қорғаушылар қатарында Талғат Кусяпов, Әділхан Таңжарықов, Бағдат Қайыров, Хасен Артурұлы, Марк Богачев, Иван Ордец аталды.
Жартылай қорғаушылар: Марио Рабиу, Никита Корзун, Георгий Жуков, Айдын Жалькович, Еркебұлан Сейдахмет, Кәрім Елеуов, Нұрдәулет Төреғали, Дархан Бердібек, Аян Байдәулетов, Вячеслав Швырев. Ал шабуылшылар қатарында Айбар Абдулла, Мирам Кикбаев, Виталий Латурнус, Артур Шушеначев, Даниэль Соса және Амаду Думбия бар.
— Бүгін таңертең ғана «Ақтөбе» футбол клубы жекеменшікке өтті. Қазіргі кезде келісімшарт негізінде жұмыс істеп жатқан жаттықтырушы бар. Ол жұмысын жалғастырады. Команда Түркияға кетті, оған қаржы бөлінді. Біз ақтөбелік жастарды тәрбиелеп, құрамаға қосуға мүдделіміз. Ол үшін заманауи әдістеме енгіземіз. 28-қаңтар күні Лиссабонға барып, Бенфика және Спортинг клубтарының кампусының жұмысын негізге аламыз. Негізгі құрам мен академияға арналған кампусты Ақтөбеде саламыз. Мұнда жасанды және табиғи алаң, манеж, бассейн, жаттығу залы секілді барлық қажеттілік қарастырылады. Қаржы бар, — деді «Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасы Арман Оспанов.
Бұған дейін «Ақтөбе» ФК ресми түрде жекеменшікке өткені туралы жазылды. Qazaq Stroy Properties компаниясы клубтың басқарма төрағасы қызметіне Арман Оспановты тағайындады.