"Ақтөбе" футбол клубы Чемпиондар лигасының 3-ші айналымындағы алғашқы ойынды бүгін өз алаңында өткізеді
АЛМАТЫ. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Ақтөбеде Владимир Мұханов жаттықтыратын ақтөбеліктер Израилдің "Макаби" футбол клубымен Чемпиондар лигасының 3-ші айналымындағы алғашқы ойынын өткізеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан чемпионы УЕФА-ның Чемпиондар лигасына биыл екінші айналымнан қосылған болатын. Ақтөбелік футболшылар алғашқы ойында Исландияның "Хафнарфьордюр" командасынан сырт алаңда 4:0, өз алаңында 2:0 есебімен басым түсті. Ал шілденің 17-сі күні өткен жеребе тастау нәтижесінде олардың үшінші айналымдағы қарсыласы хайфалық "Макаби" болды. Алғашқы кезде шілденің 27-сіне белгіленген бұл кездесу израилдіктердің өтінішімен шілденің 28-іне ауыстырылды. Бұл Қазақстанның 3 дүркін чемпионы болған "Ақтөбе" футбол клубының өз тарихындағы Чемпиондар лигасының 3-ші айналымындағы тұңғыш кездесуі.
Элиша Леви жаттықтыратын "Макаби" футбол клубының ойыншылары Ақтөбе әуежайына шілденің 26-сы күні түнгі 11:55-те келіп қонды. Олар екінші айналымда Солтүстік Ирландияның «Гленторан» клубын 6:0, 4:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Қарымта кездесу тамыздың 4-і күні Хайфада өтеді.