«Ақтөбе» футбол клубы Германияда Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы кездесуін өткізеді
АЛМАТЫ. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақтөбелік футболшылар ертең Германияның Бремен қаласында «Вердер» клубымен Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы кездесуін өткізеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Владимир Мұқанов жаттықтыратын ел чемпиондары мінген чартерлік ұшақ Германияға бүгін аттанып кетті. 43 500 адамдық «Везерштадион» стадионындағы "Ақтөбе" мен "Вердер" футбол клубтарының ертеңгі ойынына фин төрешілері қазылық етпек. Онда Тони Асумяяға алаң жиегінде Юкка-Пекка Коскела мен Тельо Котинурми көмек көрсетпек. Бұл ойын Астана уақытымен түнгі 24:00-де басталады. Қарымта кездесу тамыздың 27-сі күні Ақтөбеде болады. Жалпы "Вердер" клубы Германия Бундеслигасының 4 дүркін чемпионы, 7 дүркін күміс жүлдегері, 4 дүркін қола жүлдегері, сондай-ақ Германия кубогінің 6 дүркін, Германия Суперкубогінің 5 дүркін және Кубок иелері Кубогінің 1992 жылғы жеңімпазы. Томас Шааф баптайтын "бремендік" клубтың 32 ойыншысының 13-і шетелдік футболшылар.