Ақтөбе қаласында тасқынға қарсы күрес жұмыстарына жарты млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қалада өзен жағалауын бекіту, су бұру арналарын салу және тазарту жұмыстарына 469 млн теңге бөлінді.

Су тасқынына қарсы күрес жұмыстары
Фото: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласында барлығы 23 іс-шара атқарылады. Көбі бау-бақша ұжымдары аумағындағы өзен жағалауын бекітуге арналған жұмыс. Мәселен қаладағы «Ромашка» саяжай аумағындағы Тамды өзенінің жағалауы бекітілді. Онда мердігер 250 метрге құм үйді. Шығыс, Өлке, Думан тұрғын алаптары мен «Горпрокуратура», «Зооветснаб-2», «Водоснабженец», «Локомотив депосы-8», «Геолог-4» бау-бақша ұжымдары, Құрайлы тұрғын алабында көктемгі су тасқынының алдын алу үшін су бағытын бұру жұмыстары жүргізілді. Песчанка, Жіңішке өзендерінде де дәл осындай жұмыс атқарылды.

Су тасқынына қарсы күрес жұмыстары
Фото: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі

- Оңтүстік-Батыс-2, Сазды-2, Таңшолпан, Бауырластар-5, Ақшат тұрғын алаптарында су бұру жұмысы атқарылып, кейбірінде жұмыс аяқталып қалды. Сонымен бірге «Геофизик-2», «Авиатор-5» бау-бақша ұжымдарында дәл осындай жұмыс атқарылды. Құрайлы тұрғын алабында су өткізгіш құбыр орнатылып жатыр. Бұл жұмыстарға бюджеттен 469 млн теңге бөлінді,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Су тасқынына қарсы күрес жұмыстары
Фото: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласы Алматы және Астана ауданы әкімдері қазіргі кезде тұрғындармен кездесу өткізіп жатыр. Кездесу кезінде бау-бақша, тұрғын алап тұрғындары су тасқынына қарсы жұмыстар туралы да сұрады.

- Қала маңындағы тұрғын алап маңында орналасқан өзен жағалауларында бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге су өткізу арналары тазартылады. Бұл жұмыстар желтоқсан айының ортасына дейін аяқталады. Басты мақсат – суды бұру,- деді Алматы ауданының әкімі Рүстем Өтешов.

Су тасқынына қарсы күрес жұмыстары
Фото: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Ақтөбеде 22 елді мекенді су басу қауіпі бар. Су тасқынының алдын алу жұмыстарына биыл 6,5 млрд теңге бөлінді.

Ал ел бойынша су басу қаупі бар 1242 елді мекен анықталды. Инженерлік жұмыстар жоспары 800-ден астам іс-шараны қамтиды.

 

Соңғы жаңалықтар