Ақтөбедегі 22 елді мекенді су басу қауіпі бар

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Су тасқынының алдын алу жұмыстарына биыл 6,5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде жоспарлы жұмыстың тең жартысына жуығы ғана орындалып тұр.

Шідерті лиманды суару жүйесінде 500 метрден астам бөгет нығайтылды
Фото: Қазсушар

Ақтөбеде су тасқынына қарсы күрес жұмыстарын жүргізу үшін биыл 105 тармақтан тұратын жоба әзірленді. Өзен жағасын бекіту, арналарды тазарту, канал салу және су жолын бұру жұмыстарының 45% орындалды.

- Облыстағы 12 елді мекенде су басу қаупі толық жойылып, 24-інде қауіп төмендеді. Ал 22 елді мекенде су басу қаупі әлі де сақталады. Жоспарды іске асыруға 6,5 млрд теңге қарастырылған. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде өзендердегі жағалаудың 3 шақырымы нығайтылып, арнасы тазартылды. Сонымен бірге 2,3 шақырым қорғаныс бөгеті салынды. Ұзындығы 9,6 шақырым болатын гидротехникалық құрылыс жөнделді,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Қахарман Оразалин.

Оның айтуынша, 6,4 шақырым жерге су бұру арнасы салынды. 26 шақырымға созылған арық пен каналдар тазартылды, 89 су өткізу нысаны орнатылып, жөнделді.

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс әкімі Асхат Шахаров су басу қаупі бар елді мекендердің тізімін, жедел топтардың жұмысын және халықпен байланыс жүйесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Еске салсақ, Ақтөбеде тасқыннан қираған үйлерді сүруге 250 млн теңге бөлінді. Тапсырыс беруші - Алматы ауданы әкімдігі. Екі лотқа бөлінді. Бірінде 105 үйді, екіншісінде 86 үйді сүруге келісім жасалды.

 

Соңғы жаңалықтар