Ақтөбе камералық хоры қызылордалықтардың қошеметіне бөленді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хоры Сыр еліне гастрольдік сапармен келіп, киелі өнердің мәртебесін биіктеткен кеш ұсынды, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ақтөбе камералық хоры қызылордалықтардың қошеметіне бөленді

Көршілес облыстардың мәдени байланысын нығайту мақсатында ұйымдастырылған кеште өнер ұжымы "Елім-ай", "Илигай", "Он алты қыз" секілді халық әндерін келтіре орындады.

Сондай-ақ, Е.Хасанғалиевтің "Сәулем", Д.Сүлеевтің "Қуанышым менің", Д.Әбдінұровтың "Қуырмаш" және орыс халық әндерін ақтөбелік өнерпаздар тамылжыта шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. 

Айта кетейік, аталған камералық хор - еліміздегі іргелі хор ұжымдарының бірі. Репертуары жаңа туындылармен үнемі толығып, жыл өткен сайын шығармашылық шабытпен жұмыс жасауда. Халықаралық, республикалық додаларда да топ жарып жүр. Бұған дейін олар халықаралық "Жұбанов көктемі", "Астана ән қанатында" хор музыкасы фестивальдерінде жүлделі орындарды қанжығалаған болатын.