Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында қалып отыр

су басқан ауыл
Фото: Kazinform/Солтан Жексенбеков

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында қалып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

«Су тасқыны салдарынан 18 005 үй нысаны зардап шеккен. 17 295 нысан бойынша техникалық тексеріс нәтижесі бар. Тексерілген нысандар бойынша 2 245 тұрғын үй салу, жылжымайтын мүлік нарығында 5 235 тұрғын үй сатып алу және 9 819 нысанды жөндеу жоспарланған. Бүгінде 1 828 үйдің құрылысы басталды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 81 пайызын құрайды. Бұл ретте Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында жүргізіліп жатқан жұмыстың төмен қарқыны байқалады», - деді министр.

Оның дерегінше, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында қалып отыр.

«Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс қарқыны жақсы. Бүгінде 53 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта республика бойынша 1 943 тұрғын үй сатып алынды. 3 882 үйді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары бойынша 1 772 үй иесі төлемдер алды», - деді Қанат Шарлапаев.

Соңғы жаңалықтар