Ақтөбе мен БҚО-ның су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына қаржылай көмек көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарының көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына қаржылай көмек көрсетілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе мен БҚО-ның су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына қаржылай көмек көрсетілді

«Су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету мәселесі Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің тұрақты бақылауына алынған. Оның аясында залалды анықтау, қаржылық көмек көрсету және үйлерді салу жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда берілген өтініштерге сәйкес келесідей көмектер көрсетілді: Ақтөбе облысының әкімдігі жалпы сомасы 44 млн теңгеге 88 отбасына 500 мың теңгеден сертификат берді. Сондай-ақ, зардап шеккен үйлердің меншік иелері «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық қорынан әрбір отбасы мүшесіне (403 адам) 100 мың теңгеден, жалпы сомасы 40,3 млн теңге демеушілік көмек алды», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары жауабында.

Оның дерегінше, Батыс Қазақстан облысында зардап шеккен 78 отбасына «Жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік төлемдер» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 13,5 млн теңгеге 50 АЕК мөлшерінде қаржылық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Орал қаласында, Бөрлі және Сырым аудандарында зардап шеккен 189 үй иесі «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық қорынан отбасының әрбір мүшесіне (1 017 адам) 100 мың теңгеден жалпы сомасы 101,7 млн теңгеге демеушілік көмек алды.

«Қалған зардап шеккен тұрғын және саяжай үйлері бойынша келтірілген залалдың мөлшері есептеліп жатыр. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша қаржылық көмек көрсету жоспарланған. Атырау облысы бойынша тұрғын үйлерді су басудың болмауына байланысты әкімдік материалдық көмек көрсетуді көздемейді», - деді ол.