Ақтөбе мен Үрімші арасында жүк тасымалдайтын әуе рейсі ашылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе-Үрімші бағытында жүк тасымалдайтын әуе рейсі іске қосылды. Жыл басынан бері екі рейс жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қытайдан Қазақстанға қарай жүк тасымалдайтын рейс ашылды. Ол Үрімші мен Ақтөбенің арасын жалғайды. Биыл екі аптада екі рейс ұшты. Көбіне халық жиі тұтынатын тауарлар тасымалданады. Оның ішінде киім-кешек пен аяқ киім бар. Жаңа рейс нарықтағы бағаны тұрақтандыруға, Ақтөбенің тразиттік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Бұл өңір экономикасына оң әсерін берері сөзсіз», - деді Ә. Молдағұлова атындағы Ақтөбедегі халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Дастан Малиев.

Айта кетейік, жүк рейсінің белгілі бір ұшу кестесі жоқ. Әзірге тауар тек Қытайдан тасымалданып жатыр. Ал, Қазақстаннан ештеңе жөнелтілмейді.

Еске салсақ, өткен жылы наурыз-сәуір айларында Ақтөбе әуежайына жөндеу жүргізілді. Онда 200-ге жуық плита ауыстырылып, нысан жұмысы толықтай қалпына келтірілді.

Қазақстан Авиация әкімшілігі бір айға жуық уақыттан соң, яғни, 2022 жылдың 15-сәуірінен бастап шектеулерді түгел алып тастады.

Сондай-ақ былтыр Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы Ақтөбеден Орал мен Ташкентке ұшатын жаңа бағыттарды іске қосады. Оралға рейсті отандық QazaqAir әуе компаниясы орындайды, ал Ташкентке Uzbekistan Airways бекітілді.


Соңғы жаңалықтар