Ақтөбе облысында автобус аударылып, 5 адам көз жұмды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жол-көлік оқиғасы 7 желтоқсан күні сағат 08:40 шамасында Самара–Шымкент тасжолында болды.
Ұлғайсын ауылы маңындағы жол апатынан 5 жолаушы көз жұмды.
– Жүргізуші Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысына қарай бағыт алған кезде Әйтекеби ауданына қарасты Ұлғайсын ауылының маңында аударылды. Автобус салонында Пермь–Ташкент бағытында жолға шыққан Өзбекстан Республикасының 49 азаматы болған. Жол апатынан 5 жолаушы оқиға орнында көз жұмды, 11 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізілді, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ауруханаға жеткізілген 15 жолаушының 13-і дәрігерлерге қаралған соң жіберілді. Оларда жеңіл жарақат бар. Біреуіне гипс салынды. Ал екі адам қазір ауруханада жатыр. Бір науқасқа ота жасалып, сынық таңылды. Екіншісі жабық бас-ми жарақатын алған.
Қазір жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Еске салсақ, 5-желтоқсан күні Ақтөбеде үш көлік соқтығысып, жүргізуші мен жолаушы көз жұмды. Жол-көлік апаты Ақтөбе қаласындағы көпір маңында болды.