10:23, 12 Шілде 2010 | GMT +5
Ақтөбе облысы дала өртінен зардап шегуде
АСТАНА. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Ақтөбе облысында 5 дала өрті сөндірілді, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Өрттің ең ірісі Әйтеке би ауданына қарасты Жабасақ ауылдық округі аумағында орын алған. Екі күнге созылған тілсіз жау 1,2 мың гектар алқапты қамтыған. Жексенбі күні таңертең ғана сөндірілген өрттің алдын алуға ҚР ТЖМ-нің Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 7 маман мен 1 техника және қатарында 15 адам мен 3 техника бар ерікті өрт сөндірушілер тартылды.
Темір ауданында жалпы аумағы 150 гектарды құрайтын екі жер телімі өрт құшағына оранды. Қызыл жалын тілі Алға ауданының Павловка ауылдық округінің аумағын да қамтыған.
Сондай-ақ Әйтеке би ауданына қарасты Әйке ауылдық округінің 400 гектар даласы өртенді.
Құтқарушылардың атап өтуінше, барлық оқиғаларда да қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.