Ақтөбе облысында дүкендерді тонап келген 20 жасқа толмаған жастар құрықталды
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында дүкендерде ұрлықпен айналысқан 20 жасқа толмаған жастардан құралған қылмыстық топ құрықталды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Ақтөбе облысының полицейлері жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар өткізу барысында пәтер ұрлығымен және дүкендерден зат ұрлаумен айналысып жүрген 16 және 19 жас аралығындағы үш адамнан тұратын қылмыстық топты қолға түсірді.
«Жедел тәсіл бойынша топ мүшелерінің өткен жылдың қазан айынан үстіміздегі жылғы наурызына дейін облыс орталығы және маңындағы аудандарда жасалған 26 ұрлыққа қатысы бар екені дәлелденіп отыр. Қаскүнемдер дүкендер мен пәтерлерге пластикалық терезелерді майыстырып, сындыру арқылы кіріп жүрген», -деді ресми өкіл.
2011 жылдың қазан айының ортасында азық-түлік дүкеніне кіріп, төлем терминалын бұзып, 60 мың теңге мен азық-түлікті жымқырған. Қаңтар айында Заречный кентіндегі бір пәтердің пластикалық терезесін майыстырып сындырып, үйге кірген және алтын бұйымдарды ұрлап, үйдің иесіне 835 мың теңгеге шығын келтірген. Ұрланған алтындарды базарда сатқан.
Ұсталғандардың екеуі қамауға алынды, ал үшіншісінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.