Ақтөбе облысында ісі оңға басып келе жатқан кәсіпкерден қаржы бопсалағандар қолға түсті
АСТАНА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ақтөбе облысында белгісіз біреулер ісі оңға басып келе жатқан кәсіпкер әйелді ұрлап, оған қоқан-лоқы жасаған.
Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, Қылмыстық полиция комитетінің өкілдері ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, Атырау облысының екі тұрғынын ұстаған. «Олар Ақтөбе облысында тұратын кәсіпкердің үйіне келіп, ішкі істер органы қызметкерінің куәлігін көрсетіп, оны күштеп үйінен алып шығып, елсіз бір мекенге алып барған. Онда баукеспелер кәсіпкер әйелді қорқыту мақсатында өзіне мола қазғызып, одан соң күйеуі арқылы 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы беруді талап етеді. Ал оған көнбеген жағдайда өлтіреміз деп қорқытқан. Баукеспелер өздерінің болашақта кәсіпкердің жұмысының өрге басуын «қамтамасыз ететіндігін» айтып, ал қаржыны сол еңбектері үшін талап еткен», деді С.Күсетов. Оның айтуынша, ұрланған кәсіпкер полиция қызметкерлері алғаш рет куәліктерін көрсеткенде ондағы жазуларды бірден байқай алмаған. Ал істің мән-жайын нақты түсінгенде кеш болған. Әйелінен ақша алып келу жөнінде хабар жеткен соң кәсіпкердің күйеуі тәртіп сақшыларына хабар берген. «Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша заттай айғақтар табылып, қолға түскендер жасаған істері бойынша мәліметтер беруде», деді С.Күсетов.