Ақтөбе-Орынбор бағытындағы бағдарлық автобустан шай қораптарына жасырылған есірткі заттары табылды
АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат - Ақтөбе-Орынбор бағытындағы бағдарлық автобустан шай қораптарына жасырылған есірткі заттары табылды.
ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінен мәлім еткендей, Қазақстан Республикасы аумағына әкелуге және әкетуге шектеу салынған құралдарды анықтау мақсатында, тамыздың 16-сы күні Ақтөбе облысы бойынша «Жайсан» кеден бекеті аумағына кірген «Drоqmоller» маркалы Ақтөбе-Орынбор бағытындағы автобусқа мінген жолаушылардың жеке заттары мен жүктеріне кедендік тексерулер жүргізілді.
Нәтижесінде аталмыш бекеттің кинолог-маманы С.Тоқтаровтың қызметтік-іздестіру иті жүк бөлігінен, ішіне төрт шелпек нан, бір қорап шоколад, екі шөлмек коньяк, тез даярланатын екі кеспе көже мен бес қорап шай салынған азық-түлік сөмкесін табады. Жіті тексеру барысында шай қораптарының ішіне салынған ерекше иісі бар қоңыр түсті затқа назар аударылып, сараптама қорытындысы оны жалпы салмағы 1531,38 грамды құрайтын - кептірілген марихуана екендігін анықтады.