Ақтөбе шекарасында қызанақ пен айсберг салатынан карантиндік зиянкес анықталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ресейден жеткізілген өнімді мамандар «Жайсаң» және «Әлімбет» шекараларынан кері қайтарды. Қызанақ пен айсберг салатынан басқа зығыр және арпадан да карантиндік зиянкес анықталды.
ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекция мамандары Ресейден әкелінген бірнеше тауарды тексерді. Тексеру «Жайсаң» және «Әлімбет» шекара бекеттерінде жүргізілді.
— Айсберг салатынан батыс гүлінің трипсі анықтады. «Жайсаң» шекара бекетіндегі карантиндік өнім салмағы — 700 келі. Сонымен қатар «Әлімбет» шекара бекеті арқылы Ресейден Түркістан облысына бағыт алған жүк көлігіндегі тауар тексерілді. Онда 27,6 тонна арпа және 50,5 тонна зығыр тұқымы болды. Арпадан ойраншөп тұқымы, зығырдан жатаған у кекіре тұқымы анықталды. ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңына сәйкес карантиндік объект анықталған жағдайда өнім айналымға жіберілмейді, — деп хабарлады ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекция.
Сонымен бірге Ақтөбе қалалық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі инспекторлары мен ҚР АШМ АӨК МИК «Фитосанитария» облыстық филиалы мамандары біріп тексеру жүргізіп, қызанақтан да зиянкес анықтады. Оңтүстік америкалық қызанақ күйесі және қызанақтың коңыр қатпарлы вирусы табылды. Зерттеуден соң өнім иелеріне қатысты шешім қабылдау үшін әкімшілік іс сотқа жіберілді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Петропавлда Ресейден әкелінген ағаштан қауіпті карантиндік зиянкес анықталды.