«Ақтөбе» «Тобылдан» 1 ұпай қалып келеді - Қазақстан премьер-лигасы
АЛМАТЫ. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше футболдан Қазақстан премьер-лигасының 29-ыншы тур ойындары тәмамдалды. Соңғы ойында 3 ұпай еншілеген «Ақтөбе» «Тобылдан» небәрі 1 ұпай қалып келеді.
«Тобыл» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады. Еліміздің жетекші қос командасының тартысты ойынында қонақтар алаң иелерін 2:5 есебімен ойсырата ұтты. Голдар: Хайруллин 21 (0:1), Перич 22 (0:2), Дарабаев 43 (0:3), Хайруллин 55 (0:4), Жұмасқалиев 59 (1:4), Перич 69 (1:5), Бақаев 88 (2:5). Осыдан бірнеше тур бұрын аралығы 10 ұпайға дейін ұзарған қос команданы енді бар-жоғы 1-ақ ұпай бөліп тұр. Турнир кестесінде үздік үштікке енуге талпынып жүрген елордалық «Локомотив» өз алаңында «Шахтермен» ұпай бөлісті. Есеп: 1:1. Гол иелері: Бугаев 2 (1:0), Джидич 24 (1:1). Қалған ойындарда «Атырау» «Ертіске» есе жіберіп (1:2), «Жетісу» «Қайратты» 2:0 есебімен жеңді. «Ақжайық» өз жерінде «Тараздан» кем түссе (1:2), «Оқжетпес» «Ордабасыны» 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Сонымен, жалпы кестеде топ басындағы «Тобылда» 55 ұпай болса, онан кейінгі «Ақтөбеде» 54 ұпай. «Ертіс» 50 ұпаймен үздік үштікті қорытындылап тұр. Қалған 4-5-6-ншы орындардағы астаналық «Локомотив» қоржынында 47, «Атырауда» - 44, «Шахтерде» - 41 ұпай.
Турнирдің 7-12-ші орындар бөлігін әзірге «Жетісу» 45 ұпаймен тұрақты бастап тұр. Оның ізін басып келе жатқан «Ордабасыда» - 41, ал 9-шы орында «Тараз» - 35 ұпаймен сенімді тұр. Соңғы орындардағы «Қайратта» - 24, «Окжетпесте» - 22 және «Ақжайықта» - 20 ұпай.
29-шы турдан кейінгі сұрмергендер: «Тобыл» шабуылшысы Ұлықбек Бақаевта 15, Нұрбол Жұмасқалиевте 13 және «Ертіс» шабуылшысы Георгий Даскалов еншісінде 13 доп бар.
Ендігі 30-шы турда «Шахтер» - «Тобылды», «Локомотив» - «Атырауды», «Ордабасы» - «Қайратты», «Тараз» - «Жетісуды» және «Ақжайық» - «Оқжетпесті» қабылдайды.