Ақтөбе-Торғай жолына алдағы 2 жылда қаржы қарастырылмаған - Жеңіс Қасымбек
АСТАНА. ҚазАқапарат - Ақтөбе-Торғай жолына алдағы 2 жылда қаржы қарастырылмаған. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесуін өткізген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Торғай-Арқалық, Ырғыз-Ақтөбеге өтетін «Орталық-Батыс» деп аталатын жоба бар. Соның тағдырын білейін деп едім. Өйткені, бұл жол ашылса торғайлықтарға көптеген жұмыс орындары пайда болар еді», - деді есептік кездесуге қатысушылардың бірі.
Өз кезегінде министр бірінші бағытта Астанадан Ақтөбе арқылы Атырауға, ары қарай Астрахань жаққа, екінші бағыты Атыраудан Бейнеу, Шетпе арқылы Атырауға, Бейнеу арқылы Өзбекстанға шығатын жолдың жобасы бар екендігін айтты.
«Осы жылдың жазында Ақтөбе мен Мақаттың екі ортасындағы жолдағы жұмыстарды бастаймыз. Бір-екі айдың ішінде Мақаттан ары Атырауға, Астраханьға баратын жоба қолға алынады. Бірақ, осы жылдың, келесі жылдың бюджетінде Ақтөбеден Торғайға, Ырғызға баратын жолға қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан алдағы екі жылда бұл жолдар басталмайды», - деді Жеңіс Қасымбек.