Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайлары инвесторларға сенімгерлік басқаруға беріледі

әуежай
Фото: pixabay.com

Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайлары жаһандық ірі инвесторларға сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Еліміздің әуежайларында мультимодалды орталықтар құру мақсатында қажетті құзыреті мен капиталы бар жеке инвесторларды тарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның аясында Астана, Алматы және Шымкент әуежайларына инвесторлар тартылып, ұшу-қону жолақтарын, жанармай құю кешендерін реконструкциялау, жолаушылар және жүк терминалдарын кеңейту жұмыстары кезең кезеңімен іске асырылуда», - деді министр.

Оның атап өтуінше, Қарағанды әуежайында инвестор ұшу-қону жолағын және қажетті арнайы техниканы жаңғыртуды жоспарлап отыр.

«Ал Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын осы салада тәжірибесі бар жаһандық ірі инвесторларға сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жалпы, аталған жұмыстарға 2 млрд 400 млн доллар жеке инвестиция, соның ішінде шетелдік инвестициялар тартылып жатыр», - деді Марат Қарабаев.

Соңғы жаңалықтар