Ақтөбеде 4-5 жасар үш бала суға батып кетті

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ырғыз өзеніне үш бала суға батып кетті. Қайғылы оқиға Ырғыз ауданы Ақши ауылында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық ТЖД кезекші бөліміне сағат 19:00-де хабарлама түсті. Ақши ауылынан бір шақырым қашықта жатқан Ырғыз өзеніне үш баланың суға батып кеткені белгілі болды. Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2017 және 2018 жылдары туған үш бала үлкендердің назарынан тыс қалған. 4 және 5 жастағы қыз бала бір отбасынан болса, 4 жасар ұл екінші отбасының баласы.

Еске салсақ, биыл Ақтөбе өзендеріндегі қауіпті 220 орынға арнайы белгі орнатылады. Құтқару жасағы базасында 88 құтқарушы ерікті оқытылды. Оларға арнайы сертификат берілді. Олар жаз бойы өзен жағасында қауіпсіздікті қадағалайды. Сонымен бірге жыл сайын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп балаларды жүзуге үйрету, құтқару тәсілдеріне машықтандыру қолға алынған. Барлығы 20 бассейнде 1200 бала суда жүзуді меңгерді.
Айта кетейік, былтыр облыста 5 және 6 жастағы екі бала суға батып кетті. Оқиға 2021 жылдың 12-мамыры күні тіркелді. Құтқарушылар жеткенше сол жердегі адамдар 2015 жылы туған баланың денесін жағаға алып шыққан. Оқиға орнына жеткен сүңгуірлер 2014 жылы туған баланың денесін жағадан 3 метр қашықтықтан, 7 метр тереңдіктен тапты. Екі бала да суға шешініп түскен. Суға батып кеткендер бір отбасының балалары емес.


Соңғы жаңалықтар