Ақтөбеде 50-ге жуық жас Street Dance Battle байқауында бақ сынады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — 12 тамыз — Халықаралық жастар күніне орай Ақтөбе қаласының жастары арасында «Street Dance Battle 2026» заманауи би байқауы ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты — жастардың шығармашылық қабілетін дамыту, заманауи би мәдениетін насихаттау және талантты жастарға өз өнерін көрсетуге мүмкіндік беру. Байқауға Орал қаласынан келген қатысушылар да қосылып, жалпы саны 50-ге жуық жас өзара бақ сынасты.
Қатысушылар заманауи би бағыттары бойынша өнер көрсетіп, өздерінің шеберлігі мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Қарқынды бәсеке мен ерекше қойылымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жастар арасында достық әрі шығармашылық атмосфера қалыптастырды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен жеңімпаздар анықталып, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. «Street Dance Battle 2026» байқауы жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, әр өңірдің талантты жастарын бір алаңда тоғыстырған мазмұнды шара болды.