Ақтөбеде 70 мың электр бағанасы тозып тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Өңірдегі жарық таратушы компания әзірге жылына 2 мың бағана ауыстырады.
Ақтөбедегі бірнеше ауылда электр сымына мұздақ қатып, жарық уақытша сөндірілді. Бұл жұмыс бірнеше күнге созылды. Тек электр сымы емес, өңірде мыңдаған бағананы да ауыстыру керек.
— Біз шамамен 70 мың электр бағанасын ауыстыруымыз керек. Бұл көп. «Энергосистема» ЖШС-і болса жыл сайын 2 мың бағананы ауыстырады. Дәл осы қарқынмен бәрін ауыстыруға көп жыл кетеді. Сондықтан аудан, қаламен бірге жұмыс атқарылады. Қазір аудан, ауылдарда жарық сөніп жатыр. Бұл табиғи құбылыс. Қырау қатып қалып жатыр, — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Оның айтуынша, электр сымы мен бағана ауыстыру жұмыстарын таратушы компания, сонымен бірге жаңа инвесторлар да атқарады.
Айта кетейік, Ақтөбеде электр сымына мұздақ қатып, бірнеше ауыл жарықсыз қалды.
Жыл басында Мұғалжар ауданындағы электр сымының бойына қатқан мұздақтың диаметрі 20 см болды. Ол кезде екі ауылда ондаған бағана құлады.