Ақтөбеде электр сымының бойына қатқан мұздақтың диметрі 20 см жетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбенің Мұғалжар ауданында ауылға жарық жағу үшін бағаналарды жаңарту жұмысы жалғасып жатыр. Сабындыкөл ауылына әлі электр сымы толық тартылмады.
Мұғалжар ауданындағы жарығы жоқ Ақсу ауылында қалпына келтіру жұмысы аяқталып, ауылға электр тогы берілді. Қазіргі кезде Сабындыкөл ауылына барар жолда бағана орнату жұмысы жүріп жатыр.
— Бүгінгі күнде дейін 36 бағана орнатылды. Мұнда 48 адам жұмыс істеп жатыр. Ақтөбе қаласы мен Қобда, Темір, Мәртөк аудандарынан бригадалар келді. Барлығы 14 техника жұмылдырылды. Мұнда 31 желтоқсаннан бастап мұздақ қағу жұмысы жүріп жатыр. Әлі де жалғасады. Сым бойына қатқан мұздақтың диаметрі 20 см болып тұр. Салдарынан әуе желілерінің бағаналары құлап, сымы үзілді, — деді Мұғалжар электр желілері учаскесінің басшысы Мирамбек Жүсіпов.
Айта кетейік, Мұғалжарда күн күрт жылып, даланы қою тұман басқан. Кейін шық секілді мұз қатып, қалыңдай түскен. Диаметрі 15-20 см болатын мұзды көтере алмаған сым мен бағана құлады.