Ақтөбеде жарықсыз қалған екі ауылға электр желісі қайта тартылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мұғалжар ауданының Ақсу және Сабындыкөл ауылдарында электр тогы тартылған 76 бағана құлады. Қазір қайта орнату жұмысы жүріп жатыр.

Мұғалжар ауданы бойынша алғашында 6 ауылда жарық болмады. Бірінде жалғанса, бірінде сөніп қалады, қазір Ақсу мен Сабындыкөл ауылдарындағы бағананы қайта орнату жұмысы жүріп жатыр.
- Ақсу ауылында 16, Сабындыкөлде 60 бағана құлады. Сабындыкөлде шамамен 9 шақырым болады. Қазіргі кезде «Энергосистема» ЖШС-і 2 бригада мен кранын жіберді. Бүгін Ақсу ауылындағы жұмысты аяқтаса, ертең Сабындыкөлдегі жұмыс басталады. Ақсуда 4 күннен бері жарық болмады. Бүгін генераторды іске қостық. Мұнда 200 адам тұрады. Ал Сабындыкөлде жарық тек бір күн болмады. Бұл ауылда 22 үйде 100-ден астам адам тұрады. Алдағы екі күнде бар жұмыс аяқталады,- деді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов.
Оның айтуынша, күн күрт жылып, даланы қою тұман басқан. Кейін шық секілді мұз қатып, қалыңдай түскен. Диаметрі 15 см болатын мұзды көтере алмаған сым мен бағана құлады.
- Әлеуметтік нысандардың бәрінде генератор бар. Былтыр бәрін жанар-жағармаймен де қамтамасыз еттік,- деді Дархан Ермағамбетов.
«Энергосистема» ЖШС-і баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1-6 қаңтар аралығында далалыққа және шалғай елдімекендерге 72 бригада, 418 маман, 153 бірлік техника жұмылдырылды.
- Сымдарға мұз қатып, электр қуатын қалпына келтіру жұмысы ұзаққа созылды. Өйткені желіні мұздан тазарту үшін механикалық әдіс қолданылды. Мекеме мамандары тәулік бойы күшейтілген режимдегі жұмысты тоқтатпайды. 30 желтоқсан күнінен бастап тынымсыз жұмыс істеп жатыр. «Энергосистема» ЖШС-нің күшейтілген жұмыс тәртібі 8 қаңтарға дейін жалғасады,- деп хабарлады «Энергосистема» ЖШС-і баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында электр сымдарына мұз қатып қалды. Сабындыкөл, Ақсу ауылдарында бағана құлап, жарық сөндірілді.