Ақтөбеде 9 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды, оның ішінде екі әйел бар

АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат -  Ақтөбе облысының Ішкі істер департаменті криминалдық полиция қызметкерлері осы өңірде ұрлық жасаумен айналысқан (оның ішінде пәтер ұрлығымен) қылмыстық топты құрықтады.
None
None

Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметінен хабарланды.

Облыстың 9 тұрғынынан құралған қылмыстық топтың құрамында 18-28 жас аралығындағы 2 әйел бар болып шықты. Ал топты бұған дейін  тонаушылықпен айналысып, сотты болған азамат басқарып келген. «Қазіргі уақытта топ мүшелері ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында жасалған 14 ұрлықты мойындады, ондағы шығын шамамен  820 мың теңгені құрайды. Қылмыстық топтың көшбасшысы мен 5 қатысушы-күдіктілер ұсталды. Қалғандарын ұстау бойынша шаралар жалғасуда», - делінген баспасөз баянында.

Сонымен қатар, өткен аптада Қостанай қаласында криминалдық полиция қызметкерлері мамыр айының соңында компьютерлік клубқа қарақшылық шабуыл жасаған үш жергілікті тұрғынды ұстады. Ұсталғандардан белгі беру тапаншасы мен суық қару және бетперделер тәркіленген. Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеру бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар