Ақтөбеде апатты деп танылған жаңа үй қашан сүрілетіні әлі белгісіз
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабындағы екі үй бір жылдан астам уақыттан бері бос тұр. Қалалық әкімдік үйдің дәл қай уақытта сүрілетінін нақты айта алмады.

Ақтөбе қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған бес қабатты үй қазір бос тұр. 2023 жылы мұндағы тұрғындардың бәрі көшіріліп, жаңа үйге қоныстанды.
Биыл сот өтіп, «Нұрлы жер» бағдарламасымен үй салған құрылыс компаниясының басшылары мен техникалық бақылаушылар сотталды. Олар 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
— Бұл екі үй бойынша соттың шешімі әлі күшіне енген жоқ. Екі айдан кейін заңды күшіне енуі керек. Содан кейін ғана үйді сүруге қатысты шаралар қабылданатын болады. Оны да сот арқылы шешеді. Сот шешімі күшіне енбеген соң әзірге үй тұрғындардың иелігінде, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Есет батыр тұрғын алабындағы № 39 «К», № 40 «К» үйлерін салуға сол кездері бюджеттен 337 млн 465 мың теңгеден астам қаржы жұмсалды.