Ақтөбеде баланы ұрып-соғып, базарда жұмыс істеуге мәжбүрлеген өгей әке сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сот 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Куәгерлердің жауабы мен сараптама қорытындысы дәлел болды.
Ақтөбе қаласының № 2 сотында Қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы бойынша іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, қала тұрғыны 2012 жылы туған өгей баласын ұзақ уақыт бойы ұрып-соққан. Тіпті базарда жұмыс істеуге мәжбүрлеп, аяусыз сабаған. Баланың қол-аяғы сау, бірақ психикалық зиянын тигізді, денесі көгерді. Бұл туралы сотта жәбірленуші бала да, оның анасы да айтқан.
— Сотталушы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Оның кінәсі куәлардың айғағы, сараптама қорытындысы кезінде дәлелденеді. Жаза тағайындау кезінде сот кәмелетке толмаған балаға қатысты жасалған қылмыстың қоғамға қауіпті екенін ескерді. Сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады Ақтөбе қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Оралда жасөспірімді ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.