Ақтөбеде бір жылда 134 адам жол-көлік апатынан көз жұмды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қарсы жолаққа шығу, жылдамдықты асыру, ұйықтап кету – негізгі себептер. Жол-көлік апаттары кезінде 3 мыңға жуық адам жарақат алған.
Ақтөбе облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Өтеген өткен жылды қорытындылады. Былтыр Ақтөбеде 2007 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 134 адам көз жұмды. Ал 2919 адам түрлі жарақат алды.
- Былтыр жол-көлік оқиғасының көбі қала сыртында болды. Бір жол апаты кезінде 5-6 адам, тіпті 12 адамға дейін қаза тапты. Негізгі себебі – жүргізушілердің тәртіпсіздігі. Қарсы жолаққа шығып кетеді, жылдамдықты асырады, жазда ұйықтап кетеді. Камералар қондырылып, жол белгілері орнатылды. Ал мектеп жанына 27 жасанды жол кедергісі қойылды. Жұмыс биыл тағы жалғасады,- деді Ақтөбе облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Өтеген.
Ақтөбе қаласына былтыр 66 бейнебақылау камерасы орнатылды. Биыл тағы 20-ы іске қосылды. Ақтөбе облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы тек жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің емес, жол күтіміне жауапты мердігерлердің жұмысын тексереді. Республикалық, облыстық және қала жолдары бойынша былтыр 380 әкішілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Айта кетейік, былтыр Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын шағын автобус соқтығысты. Салдарынан 12 адам қаза тапты.
Іс сотқа жеткенімен, қос жүргізушінің қаза тапқанына байланысты қысқартылып, полицияға жеке қаулы шығарылды.