12 адамның қазасы: Ақтөбеде іс қысқартылып, анықтаушыға жеке қаулы шығарылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Марқұм сотталушының ісі тергеу кезінде-ақ қысқартуға жатады. Судья қаулы шығарғанда полиция анықтаушысы өз ісіне салғырт қарады деп таныды.

сот
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жүк көлінің жүргізушісіне қатысты іс қаралды.

- Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айыпталушы И. Халеловке қатысты қылмыстың іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес қайтыс болуына байланысты өндірістен тоқтатылсын. Қылмыстық қудалау тоқтатылсын, - деді судья А.Сабыров.

Сот қаулысымен екі көлік те иелеріне қайтарылды. Сонымен бірге судья Ақтөбе облыстық ПД бастығына жеке қаулы шығарды.

- Қылмыстық іс құжаттарында анықталғандай, сотталушы қайтыс болған. ҚР ҚПК 35-бабы 1-бөлігі 11-тармағына сәйкес қылмыстық іс қайтыс болған адамға қатысты тоқтатуға жатады. Алайда қылмыстық қудалау органы істі тоқтату туралы шешімді қабылдамаған. Керісінше айыптау актісін жасақтап, қылмыстық істі сотқа жолдаған. Бұл мән-жайлар полиция қызметкері Тәжікеннің қызметіне салғырт, немқұрайлы қарап, көптеген функционалдық қызметін тиісінше атқармағанын, процестік заңнама талаптарын сақтамағанын көрсетеді. Алдағы уақытта заң талаптарының бұзылуына жол бермеу үшін сот Ақтөбе облыстық ПД бастығының назар аударуы дұрыс деп есептейді, - деді судья.

Еске салсақ, қазан айында Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты. Оқиға Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында болды. Жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын ГАЗель соқтығысты. Аман қалған жолаушылардың үшеуі ауыр жағдайда екені айтылды. 

Жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды. 

ІІМ Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасын тергеу үшін арнайы топ жіберді. 

Ақтөбеде жол-көлік апатына кімнің кінәлі екені нақтыланды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Белқопа ауылының шетінде болған жол-көлік оқиғасының себебін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды. 

Соңғы жаңалықтар