Ақтөбеде бір жылда 600-ден астам жасөспірімге іздеу жарияланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Полиция мен еріктілер былтыр 1300-ден астам адамды іздеді. Оның 658-і – кәмелетке толмаған балалар. Олардың көбі отбасындағы дау-жанжалдан соң белгісіз бағытқа кетіп қалған.

ІІМ
Фото: Абай облысы ПД

Өткен жылы полиция бөлімдеріне 1375 өтініш түскен. Қазіргі кезде тек екі адамның қайда екені белгісіз күйінде қалып отыр. Ақтөбе облыстық полиция департаменті әлеуметтік желі арқылы Мария Снегоренкоға және Медет Есжановқа іздеу жариялады. Криминалдық полиция басқармасы екеуін де қылмыс жасағаны үшін іздеп жатыр. Ал өзгесі іздеу жұмыстарынан кейін табылды.

— Өткен жылы кәмелетке толмаған 658 бала іздеуде болды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді жұмысының, сондай-ақ қоғамның белсенді қолдауының арқасында барлық бала табылып, заңды өкілдеріне тапсырылды. Кәмелетке толмағандардың үйден кетуінің негізгі себебі — отбасындағы жанжал, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік, — деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі.

Айта кетейік, өткен жылы іздеуде жүрген 1600-ге жуық қылмыскер ұсталды. Ішкі істер министрлігі заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.