Ақтөбеде бүтін бір аудан орталығының халқы суды белгілі бір сағатта ғана тұтына алады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ырғыз ауданының орталығында ауыз су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Ауыз сумен қамту мәселесін шешу үшін қаржы қажет.

ауыз су
Фото: Kazinform

Ақтөбе облысының ең шалғай ауданы Ырғызда жаз айларында су тапшылығы анық сезіледі. Аудандағы Жамбыл, Т.Жүргенов, Л.Шақпаров көшелерінің тұрғындары жиі шағым айтып, тіпті бірнеше күн бойы күтіп жүргенін жазды. Ауданда су шынымен де тапшы. Су айдау стансасын жаңғырту керек, ал оған қаржы тапшы.

— Аудан орталығы Ырғыз ауылында 2 су мұнарасы бар. Сол арқылы су 3 мезгіл беріледі. Ауыз су мұнараларының көлемі аз болған соң аудан орталығының кей көшелерінің тұрғын үйлеріне су жетпейді. Сол үшін сыйымдылығы 160 текше метр болатын 2 су мұнарасын салу жоспарланды. Алдағы уақытта медиативтік келісім негізінде іске асыру мәселесі қарастырылады. Бұдан бөлек 1975 жылдары салынған «Айырқызыл-Ырғыз» су айдау стансасын реконструкциялау бойынша жоба жасақталды. Жобаның жалпы құны — 892,1 млн теңге. Жоба аясында 7 ұңғыма қайта бұрғыланып, арынды су құбыры реконструкцияланады. «Айырқызыл-Ырғыз» бойынша қаржы бөлуге бюджеттік өтінім ұсынылды. Қаражат бөлінген жағдайда жоба іске асырылады, — Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы мен ауылдарда суды тасып ішіп отырған адамдар бар. Тіпті көрші ауылға барады. 

Соңғы жаңалықтар