Ақтөбеде дәрігерді өлтірген мейіргер 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Марқұм Абай Айсағалиевтің бет-әлпетіне ұқсайтын силикон масканы тапсырыспен алдырып, кейін оны пайдаланған сотталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгін прокурор жарыссөзде осындай жаза тағайындауды сұрады.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Ұрлық» баптары бойынша іс қаралды. Сот отырысы бір айдан астам уақытқа созылып, бүгін жарыссөз өтті.
– Сотталушы өз сөзінде сол күнді еміс-еміс білетінін айтты. Алайда пышақ жарақатын салған соң пәтер ішінде еден жуды, жәбірленушінің басына пакет кигізді. Қан ізін жасыру үшін аяқ-қолын байлаған, мұздатқышқа салып, денені әрі-бері тасыған. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша Айсағалиев көп қан жоғалтқаннан, оң жақ кеудесіндегі кесіп, тесілген жарақаттан көз жұмғаны жазылған. Оң жақ өкпесі мен жүрегі зақымданған. 7 рет кесіп, тесілген және соққа жарақатын алған. Сонымен бірге Айсағалиевің шотынан 5 268 000 теңге алған. Планшетін, телефон және өзге де дүниелерді қосқанда жалпы шығын – 7 234 860 теңге, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Сот отырысы кезінде сотталушының тапсырыспен алған силикон маскасы көрсетілді. Онда масканың Абай Айсағалиевтің бет-әлпетіне ұқсайтынын көруге болады. Прокурор мұны да назарға алуды сұрады.
– Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша 4 жыл 8 ай, 99-бабы 2-бөлігі 8-тармағы бойынша 16 жыл, түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймыз. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді, жәбірленушінің азаматтық талап арызын қанағаттандыруды сұраймыз, - деді мемлекеттік айыптаушы.
Сотқа Алқа билер қатысты. Үкім ертең оқылады.
Еске салсақ, нефролог Абай Айсағалиевті 31 жастағы мейіргер өлтірді деген күдікке ілікті. Мейіргер дәрігерді өлтіріп, кейін денесін мұздатқышқа салып қояды. Денесін пәтерден мұздатқышта сақтаулы күйінде тасып, гаражға, кейін көпқабатты үйдің жертөлесіне апарады.
Сот отырысы кезінде жүк көлігінің жүргізушілері, жүк тиеген адамдар мен жәбірленушілердің туыстары куәгерлік етті.