Ақтөбеде денесі өзеннен табылған оқушының анасы тергеудің әділ өтуін сұрады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оқушы Ислам Төреғалидің анасы Айгүл Кереева, оның жанын табылған 27 жастағы ақтөбелік Сырлыбай Саматтың әкесі Самат Қалиев екеуінің де өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Бүгін олар тілшілерге сұхбат берді. 

Ақтөбеде денесі өзеннен табылған оқушының анасы тергеудің әділ өтуін сұрады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласы Кеңес Нокин даңғылы бойында орналасқан моншада бармен көмекшісі болған оқушы сол күні жұмыстан кеш шыққан. Монша әкімшісі Гүлзат Тәтенованың айтуынша, ол мысығына тамақ салып алу үшін дорба іздеп, біраз уақыт іште жүрген.

- Ол бала бізде қосымша табыс тапты. Әкесі моншаға келіп, түсіп тұрады. Баласын жұмысқа алуды сұрап, өзі қолхат жазып та берді. Сенбі, жексенбі күні сағат 15:00- ден кейін келіп, кешкі 22:30-ға дейін ғана жұмыс істейді. Сол күні де әдеттегідей уақытта келді. Еш өзгеріс болмады. Тек әдеттегіден кеш шықты. Үйі жақын маңда, өзі жаяу барады. Түнде әкесі хабарласты, таңда монша иесі мен әкесі іздеді, кейін көлікті тапқан, - деді ол.

Оқушы Ислам Төреғалиді отбасы Атырау облысы Құлсары қаласына апарып жерледі. Отбасы осыдан 8 жыл бұрын Ақтөбеге қоныс аударған. 30 қараша күні монша әкімшілігі қоңырау шалып, оны шұғыл жұмысқа шақырады. Сол күні жұмыста болып, түнде үйіне қарай шыққан. Монша жанында тұрған көлік оқушы бұрылысқа жеткенде қозғалып, оны мінгізіп алады. Отбасы баланы сағат түнгі 03:00-ден бастап іздеп, монша иесіне қоңырау шалады. Таңда монша иесімен кездесіп, бейнебақылау камерасын қараған. Еш ізін таппаған соң полицияға хабар беріп, арыз да жазады. Түстен кейін тағы камераны қарағанда монша иесі көлікті бұған дейін өзен жағасынан көргенін айтқан.

Кереева
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Камерадан қараған кезде балам көліктің алдына отырған. Ал көлік табылғанда телефоны көліктің артында жатыр екен. Өзен жағасынан табылғанда көліктің есіктері ашық тұр. Баламды не үшін қорлады? Не үшін өлтірді? Маған әділдік керек. Баламды ешкім қайтарып бере алмайды. Оны жақсы білемін. Дейтұрғанмен баламның кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдеуім керек болып тұр. Өмірге құштарлығы өте жоғары бала. Мектепте жақсы оқыды. Өз-өзіне қол жұмсап, өз-өзін құрбан қылды деп айта алмаймын, - деді Ислам Төреғалиетің анасы Айгүл Кереева.

Ақтөбеде денесі өзеннен табылған оқушының анасы тергеудің әділ өтуін сұрады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Баласының мұрнында, құлақ тұсында және денесі мен аяғында соққы ізі бар екенін көріп, күдік күшейе түскен. Әрі екеуі бір-бірін таниды дегенге сенбейді. 

- Кінәлі адамды тауып, соның жазасын берсе екен деймін. Баламның жаны тыныш болуы үшін оны қорлаған адамдар жазасын алсын, - деді А.Кереева.

Көлік жүргізушісі Сырлыбай Саматтың әкесі Самат Қалиев те баласы оқушыны танымайды деп отыр. 30 қараша күні сағат 22:30-да отбасымен бірге отырып кешкі ас ішкен, сағат 23:00-ге дейін үйінде болған. Әрі қарай хабарсыз кеткен соң отбасы іздеп, жан-жақтан қоңырау соғады. Бірақ жауап болмай, 1 желтоқсан күні түстен кейін полиция көліктің фотосын көрсетіп, өзен жағасына әкеледі.

Қалиев
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Тергеу жүріп жатыр. Полиция «екеуі де суға кеткен» дейді. Баламның денесінен зорлық-зомбылық белгісін көргенім жоқ. Дегенмен бір күдік бар бізде. Бұрын-соңды бір-бірін танымайтын балалар. Екі жақтың ата-анасы да бір-бірін, көлікті де көрмеген. Не айтарымызды білмейміз. Ұлым жұмыс істейді, үйленбеді. Балабақшада оператор болды. Ертеңіне жұмысқа баруы керек еді. Ашықтықты талап етеміз, әділ шешім шықса екен дейміз. Қазір алып-қашпа сөз де көп. «Екі бала бір-бірімен жағаласты, кейін бір-бірімен келіспеушілік болды» дейді. Бірақ екі бала бір-бірін танымаса, бір-бірін көрмесе, қалай бір-бірімен жанжалдасады. Артында біреу бар немесе бірдеңенің үстіне тап болды, - деді Самат Қалиева.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқушының отбасы таратқан бейнежазба тексерілді. Кейін көлік табылып, екеуінің денесі судан шығарылды. Әлеуметтік желідегі бейнежазбаға қатысты да түсінік берді.

- Алдын ала мәлімет бойынша, оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Екеуі таныс, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбеде жоғалған оқушының денесі 1 желтоқсан, ал 27 жастағы ақтөбеліктің денесі 2 желтоқсан күні өзеннен табылды. Оқушы да, оның жанында болған Сырлабай Самат та 30 қараша күні кетіп, үйіне қайта оралмаған. Олардың денесін сүңгуірлер өзеннен тапты. 

Соңғы жаңалықтар