Ақтөбеде ғасырдан астам тарихы бар саябақ қайта жаңғыртылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Әкімдік жеке кәсіпкердің қолындағы саябақты мемлекет меншігіне қайтарып, жоба әзірледі. Құрылыс биыл басталуы мүмкін.
А. Пушкин атындағы саябақ бір кездері жекенің қолына өтіп, ондағы аттракциондар түгел тозды. Кейін әкімдік кәсіпкерден жерді мемлекетке қайтаруды талап етті. Екі арадағы соттың жалғасып жатқанына 5 жылдан астам уақыт болды. Былтыр жергілікті әкімдік саябақтың жері мемлекеттік меншік екенін хабарлап, жоба жасауды қолға алды.


— Қала тұрғындары саябақты жаңарту мәселесін көп жылдан бері көтеріп келеді. Нысан ұзақ уақыт бойы жеке меншікте болып, қараусыз қалған. Қазіргі уақытта саябақ сот тәртібімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл оны қайта жаңартуға мүмкіндік береді. Демеуші қаражат есебінен жоба әзірленді. Мұнда балалар алаңы және ойын аймағы, амфитеатр мен сахна, субұрқақ қарастырылған. Саябақтағы тарихи ескерткіштер сол күйі қалады. Сонымен бірге 66 түп ағаш отырғызылады, гүлзар безендіріледі. Шағын архитектуралық мүсін де болады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жасауға қаражат енді қарастырылады. Демеуші меценат табылған жағдайда уақыты жоспарланады, — деп хабалады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.


Еске салсақ, 2020 жылы саябақ иесі Николай Выходец Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін сотқа берді. Бүгінде парк орналасқан Шернияз көшесіндегі жер телімі — Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиесілі.

Парк ретінде бұл орын 1887-1890 жылдары құрылған. 1937 жылы паркке классик ақын, ХІХ ғасырдың ықпалды әдеби қайраткері Александр Пушкиннің аты берілді. Былтыр қыста саябақтағы аттракционның темір қаңқасын бөлшектеп тастады.