Ақтөбеде ғасырдан астам тарихы бар саябақтағы аттракцион бөлшектелді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде ғасырдан жуық тарихы бар саябақтағы аттракционның темір қаңқасын бөлшектеп тастады. Демалыс орнының тарихи келбеті сақталып, жаңғыртылады.

Ақтөбенің ескі бөлігінде орналасқан саябақ ауданы – 2 гектар. Әкімдік биыл тозығы жеткен саябақ ішін жөндемек.

- Бұл аттракциондардың бәрі де өткен ғасырдан бері тұрғанын, тозығы жеткенін және қауіпсіз емес екенін қала тұрғындары жақсы біледі. Жалпы, бұл парк ескірді, жаңғыртуды қажет етеді. Тарихи деректерге сүйенсек, парк ретінде бұл орын 1887-1890 жылдары құрылған. 1937 жылы паркке классик ақын, ХІХ ғасырдың ықпалды әдеби қайраткері Александр Пушкиннің аты берілді. Өткен ғасырда Пушкин саябағы Ақтөбенің мәдени орталығы болып саналды. Бұл парк ақтөбеліктер үшін ыстық, ескі қаланың жүрегі десек те болады. Сондықтан бұл орынның тарихи келбетін, атын сақтап қалуымыз керек. Паркті жаңартып, тұрғындар үшін демалыс орны ретінде жөндеп беретін боламыз. Ол үшін қазір демеушілердің есебінен парктің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Жаңадан қосымша жасыл желек егіледі, суару жүйесі тартылады, парк жиһаздары, балалардың ойын алаңы қойылады. Яғни, болашақта осы орын тұрғындардың және қала қонақтарының мәдени демалысына арналған жақсы саябаққа айналады деп сендіргім келеді, - деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.

Ақтөбедегі А.С.Пушкин атындағы саябақ жекенің қолына өтіп, ұзақ жыл бойы жөнделмеді. Кейін әкімдік пен кәсіпкер соттасты. Іс материалына сүйенсек, 1991 жылдың 25 қаңтары күні қалалық халық депутаттар кеңесі А.Пушкин атындағы саябақты ұжымға беру шешімін шығарған. 1992 жылдың 29 қазанында Ақтөбе аумақтық мемлекеттік мүлік комитеті мен «А.С.Пушкин атындағы қалалық саябақ» ұжымдық кәсіпорын арасында сату-сатып алу келісімшарты жасалады. Ал 1995 жылдың 21 қыркүйегі күні Ақтөбе қалалық әкімшілігі аумағы 23 583 шаршы метр болатын жер телімін ұжымдық кәсіпорынға беру туралы шешім шығарады.

1996 жылдың сәуір айында жерді «А.С.Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-іне берілгенін растайтын акт алынды. А.Пушкин атындағы саябақ орналасқан жер телімінің кадастрлық нөмірі серіктестікте болмай шықты. Парк орналасқан Шернияз көшесіндегі жер телімі – Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиесілі.
Сондай-ақ, 2018 жылы қала әкімінің қаулысы шықты. Онда жер теліміне мемлекеттік мекеме жауапты деп жазылған. Николай Выходец осы қаулының күшін жойып, жердің иесін ЖШС деп тануды сұрағанымен, сот арызды қанағаттандырмады.