Ақтөбеде инвесторлар қоқыс сұрыптайтын зауыт салуға құлықсыз
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде қоқысты сұрыптау мәдениеті әлі төмен. Экобелсенділер көрсеткіш небәрі 1 пайыз екенін айтып отыр. Ақтөбе нені кәдеге жарата алды? Оны қайда жібереді?

«Жасыл университет» жол картасы
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 2024-2026 жылдарға арналған жоспары бойынша оқу орнына қарасты ғимараттарда қалдықтарды сұрыптайтын жәшіктер қойылды.
Мұнда қағаз, пластикалық бөтелкелер мен әйнек бөлек жиналады. Ал жиналған қалдықты қабылдау орны алып кетеді.

— Оқу ғимараттарының әр қабатында, жатақханада қоқыс жәшігі бар. Мердігер мен университет екіжақты келісімге келді. Қазіргі кезде студенттер қоқысты бөліп тастауға машықтанып жүр. Алғашында үгіт-насихат жүрді. Дәріс залында, жатақханада, сабақ үстінде экологтар кездесу өткізді. Сонымен бірге оқытушы құрам мен университет әкімшілігіне де қоқысты бөліп, таза тастаудың тиімділігі айтылды. Пластикалық бөтелкенің ішін шайып қана жәшікке салуға болады. Қағазды да таза күйінде лақтыру керек. Егер май тисе, жалпы қалдыққа лақтырамыз. Пластикалық бөлеткенің бәрі өңдеуге жатпайды. Жергілікті сүт және сүт өнімдерін шығаратын цехтың бөтелкесі өңдеуге келмейді. Сондықтан оны жалпы қалдыққа лақтыруға тура келеді, — деді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті ғылым бөлімінің аға қызметкері Самал Ульярова.

Университет сұрыпталған қоқысты жинауға машықтанған кәсіпкерлерді де іздеді. Талап бойынша ай сайын кем дегенде 300 келі қоқыс жиналуы тиіс.
— Университетте 5 жатақхана, бірнеше оқу ғимараты бар. Пластикалық бөтелке мен макулатурадан 300 келі жинай аламыз деп ойлаймыз. Болашақта ортаға делдал салмай, тура қабылдау орнына тапсыруды жоспарлап жүрміз. Әзірге тапқанымыз, жылына 20 тонна пластик пен макулатура тапсыруымыз керек екен, — деді еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер Ербол Жұбанғазин.

Қоқыс сұрыптау, жинау табысты кәсіп емес — экобелсенді
Жоғары оқу орындарымен қатар Ақтөбедегі мектептерде «Макулатура тапсыр — орманды сақтап қал» атты экоакция да өтіп тұрады. Акция кезінде оқушылар қағаз-картон тапсырады.
Бұл жұмысты экобелсенді Айман Сексенова мен облыстық білім басқармасы бірлесе ұйымдастырды. Дәлірек айтқанда табиғат жанашырының ұсынысын мектептер қабылдады. Тек қала емес, аудан, ауыл мектептерін қамту керек.
— Ақтөбеге келгеніме 6 жыл болды. Содан бері экомәдениет, қоқысты сұрыптау туралы айтып келемін. Қазір ниеттес адамдар көбейді. Тіпті «Экомәдениет» еріктілер қозғалысы құрылды. Қозғалысқа қаладағы мектептердің жоғары сынып оқушылары мүше болды. Оған Темірлан Жолдыбай жетекшілік етіп отыр. Қазір ол да басқа балаларды оқып, үйретіп жүр. «Ақтөбе» ФК-ның жанкүйерлеріне де экомәдениетті үйретіп, олар үш жылдан бері трибунада үгіт-насихат жүргізіп қана қоймай, қоқысты жинап келеді. Сонымен бірге мектептерге барып, таза қала, таза ортада өмір сүрудің артықшылықтарын түсіндіреді. Олар мен үшін көмекші әрі маған күш-қуат береді. Мен жалғыз ештеңе тындыра алмас едім, ал жұмыс көлемі ауқымды. Кейін маған кәсіби экологтар қосылды. Себебі жоғары оқу орындарындағы экология факультетінің өзінде мен айтқан дүниелер ескерілмейді екен. Демек оқыту жүйесінде де қалдықтарды кәдеге жарату, сұрыптау жайлы қарастырылмаған, — дейді қалалық мәслихат депутаты, экобелсенді Айман Сексенова.
Кейінгі кезде «Таза Қазақстан» акциясы үлкен серпіліс әкелді. Қоқысты жинау, айналаны таза ұстау туралы жиі айтыла бастады.
Тек адамдар қоқысты жинау оны бір жерден алып, екінші бір жерге тасымалдау деп түсінбеуі тиіс. Оны мейлінше сұрыптап, өңдеп, қайта іске асыруды ойластырған, машықтанған дұрыс.

— Саябақтан пластикалық немесе алюминий бөтелкесін жинасақ, соны өңдеуге жіберу керек. Қазір Ақтөбе индустриалды аймағында қағаз өңделеді. Мұнда майлық, әжетхана қағазы шығарылады. Сол компанияның қолдауымен «Макулатура тапсырып, орманды сақтап қал» акциясын өткіздік. Оған еріктілер қозғалысы да қосылды. Қалада пластикалық және алюминий қалдығын жинап, бір бөлігі оңтүстікке, екінші бөлігін Ресейге жібереді. Енді дәл осындай қабылдау орындары көп болса, адамдар барып, жиі тапсырар еді. Ал қазір біздің адамдар көп ақпарат білмейді, қоқысты да сұрыптамайды. Менің ойымша мұндай ақпарат әр шаңыраққа жетуі үшін көшедегі бильбордтарға мекенжайын жазып қойса болады, — дейді ол.
Экобелсендінің өзі Ақтөбеде фандоматтар әкеліп қойды. Мектептерге, спорт кешені мен әуежайға қондырып, бонус жинау арқылы табиғатты сақтауға үндеді.
Тек ол да өзге кәсіпкерлерден қолдау болса алға басатын іс. Себебі қоқыс әзірге табысты кәсіп емес.
— «Жасыл даму» АҚ қолдап, субсидия бөліп, қандай да бір кәсіп түрін жандардыруы мүмкін. Алайда бұл салаға келген адам үлкен табысқа кенелем деп емес, қайырлы іс атқарамын деп ойлауы тиіс. Себебі субсидия тоқтаған кезде тұралап қалатындар аз емес. Ал адам жүрек қалауымен істесе, табыс әкелмесе де жұмысты жалғастырады. Қазір сұрыптау, кәдеге жарату туралы айтып жүрміз. Нақты іске келгенде қоқыстың 1 пайызы ғана қайта өңделіп жатыр, — деді Айман Сексенова.
Экобелсенді ірі өндіріс орындарына да экомәдениетті үйрете бастады. Мұнай-газ және тау-кен саласы да енді-енді үлес қоса бастады.

Қоқысты өзгенің ауласына төгетіндер де кездеседі — полиция
Қазір қоқыс сұрыптау түгелі, өз үйінен шыққан тұрмыстық, құрылыс қалдықтарын кез келген таса жерге, көпқабатты үйлердің ауласындағы қоқыс алаңдары маңына тастап кетеді.
Бұл кейінгі кезде бейнебақылау камераларына түсіп қалып жүр. Тұрғындар да көрген заңсыздықты қалт жібермей, әлеуметтік желіге жүктеп отырады.
— 42 жастағы ер адам тұрмыстық қалдықтарды, оның ішінде жиһаздарды тиеп әкеп, қаладағы Сәңкібай батыр даңғылында орналасқан қоқыс контейнерінің қасына қалдырған. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына бәрі түсіп қалды. Тексеру кезінде өзінің басқа жерде тұратыны, қоқысты басқа аулаға тасымалдағаны анықталды Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 505-бабы аясында хаттама толтырылды. Мұндай бұзушылықты алғаш рет жасағандықтан ескерту беріліп, профилактикалық әңгіме жүргізілді. Ол сол жердегі қоқысты жинап, полигонға өзі тасымалдауға міндетті, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ал Ақтөбе облысы ПД табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы Серік Елеуовтің айтуынша, қала тұрғындарының ірі көлемді тұрмыстық қалдықты қоқыс контейнерінің қасына тастау, қоршаған ортаны ластау жағдайлары жиі кездесіп отыр.
Жыл басынан бері өңірде мұндай 5 мыңнан аса дерек анықталды.

Нақты жұмысқа кірісетін инвестор анықталған жоқ — әкімдік
Ақтөбе қаласында қатты тұрмыстық қалдық полигоны 60 гектар аумақты алып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын ескісінің бетіне құм төселіп, жабылды. Содан кейін өрт мәселесі шешілді.
— Полигонды сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданып жатыр. Сонымен бірге қоқысты сұрыптайтын зауыт салатын инвесторларды тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Ұсыныстар бар. Бірақ нақты жұмысқа кірісетін инвестор анықталған жоқ, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2017 жылы Ақтөбеде қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын кешен іске қосылды.
Жоба құны — 1 млн доллар. Кәсіпорында жылына 200 мың тонна қоқыс өңделіп, сұрыпталған қағаз, металл, әйнек сатуға шығарылуы тиіс еді. Алайда арада 2 жыл өткенде зауыт жұмысын тоқтатып, бүгін қаңырап бос тұр.

Кәсіпкер Алтынбек Қазантаевқа қайта хабарласып, мән-жайды қайта сұрап білдік. Ол зауытты сатып жібергенін, ақшасы шығынын жаппағанын айтты.
— Дамыған елдер, Еуропадағы мемлекеттер осы кәсіп түрін 10, 20 жыл бойы қолдап, субсидия беріп отырады. Ал бізде алғашында қолдау болды, кейін тоқтап қалды. Қоқыс сұрыптайтын зауыт — табыс әкелмейтін кәсіп. Сонымен бірге бізде қоқыс сұрыптау мәдениеті қалыптаспаған. Қоқысты үйден сұрыптағанымен оны бір ғана көлік тасиды, демек сол сұрыпталған қоқыс ластанады. Бұл дұрыс емес. Біз осы кәсіпті оң жолға қоямыз десек алдымен балабақша, мектептен бастап үйретіп, сұрыпталған қоқысты бөлек жинауымыз керек. Мұның бәрі мол қаржыға, қолдауға келіп тіреледі. Ал қазір қоқыс сұрыптайтын зауыттан гөрі тойхана ашу табысты. Соған қайтып келдік, — деді Алтынбек Қазантаев.
Демек қоқысты жүйелі түрде сұрыптау сұрағы Ақтөбеде әлі күнге дейін шешімін табар емес.
Еске салсақ, 2023 жылы Ақтөбе облысы аумағындағы 292 жер учаскесінен қоқыс табылды. Талап бойынша бәрі жыл сайын тазартылады.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бірер ай бұрын ғана қоқыс өңдеу саласында құны 316,9 млрд теңге болатын 67 жоба мақұлданғанын айтты.