Ақтөбеде қару кезеніп фотоға түскен жасөспірімдер есепке алынды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде қару кезеніп, фотоға түскен, кейін оны әлеуметтік желіге жүктеген бір топ жасөспірім анықталды. Полиция оларды есепке алды.

Ақтөбеде қару кезеніп фотоға түскен жасөспірімдер есепке алынды
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбе облыстық полиция департаменті әлеуметтік желіге мониторинг жасап, 16-17 жастағы бозбалалардың тапанша, пышақ ұстап тұрған фотоларын анықтады. Кейін желі қолданушысын анықтап, тексеру жүргізді. 

Ақтөбеде қару кезеніп фотоға түскен жасөспірімдер есепке алынды
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

— TikTok әлеуметтік желісінде 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша сияқты заттарды ұстап түскен бірнеше фотосуреттерін жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке тұлғасы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында олардың бесеуі Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі аудандағы мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы екені анықталды. Жасөспірімдердің бірінен газ тапаншасы тәркіленді. Олар бұл әрекетке «контент үшін» барғанын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсаты болмағанын айтты. Кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді, есепке алынды. Жарияланған посттар өшіріліп, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Ақтөбеде қару кезеніп фотоға түскен жасөспірімдер есепке алынды
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Қазіргі кезде республика аумағында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Өңірде рейд, әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізіледі. 

Еске салсақ, Ақтөбеде ер адамды бейтаныс біреу балаларының көзінше пышақтаған. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүріп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар