Ақтөбеде қоқыс маңынан табылған ер адамның өліміне қатысты сот отырысы басталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Айыпталушы өз танысын өлтірген соң денесін сөмкеге салып қойған. Кейін шанаға артып, қоқыс жәшігінің маңына лақтырып кеткен. Қылмыстық істің мән-жайы сотта айтылды.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қоқыс жәшігі маңынан табылған ер адамның өліміне қатысты іс бойынша басты сот талқылауы өтті. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1 бөлігі, яғни, адамды қасақаны қазаға ұшырату ісінде 63 жастағы ер адам күдікке ілікті.
Іс материалына сүйенсек, оқиға биыл 21 ақпан күні болды. Сотталушы өз үйінде жәбірленушімен бірге ішімдік ішкен. Екеуі сөзге келіп, жанжалдасып қалады. Арада біраз уақыт өткенде сотталушы ұйықтап кетіп, соққыдан оянады. Жәбірленушінің бұл әрекетіне ашуланған сотталушы пышақ ұстап тұрған қолын қайырып, оған тығып алады. Сол жақ кеуде тұсына бірнеше соққы жасаған кезде жәбірленуші оқиға орнында қаза тапты.
- Сотталушы жасаған қылмысын жасыру мақсатында оның денесін ақ-қара түсті сөмкеге салып қояды. Одан әрі мәйітті тасу үшін шана алып, пәтеріне әкеледі. 24 ақпан күні сағат 04:00 шамасында өзінің қылмыстық іс-әрекетін жасыру мақсатында жәбірленушінің денесі салынған ақ-қара түсті сөмкені шанаға салып, ағайынды Жұбановтар көшесіндегі қоқыс жәшігіне тастап кеткен,- деді мемлекеттік айыптаушы.
Айта кетейік, қоқыс маңынан ер адамның денесі табылғаны жөніндегі ақпарат биыл 12 наурызда белгілі болды. Арада бес күн өткенде күдікті ұсталды.